Білмесең – алма, күмәндансаң – таста!
Сіз саңырауқұлақтардың жүздеген мың, ал кейбір есептеулер бойынша миллионнан астам түрі бар екенін білдіңіз бе? Бірақ олардың тек 100-і кеңінен танымал болса, ал 10-15-ін ғана көпшілік біледі. Сондықтан әрқашан улы саңырауқұлақты теру қаупі бар.
Жылан уынан да қауіпті
Қарағанды облысы саңырауқұлаққа өте бай. Әсіресе, қатты жаңбырдан кейін. Бір қызығы, саңырауқұлақ терушілерге орманға да, далаға да баруға болады. Айтпақшы, мұнда қозықұйрықтардың бірнеше түрі бірден өседі. Олар органикалық заттар көп жерде өскенді ұнатады. Мысалы, мал жайылымдарында. Жапырақтардың астына тығылып өсетін орман саңырауқұлақтарына қарағанда қозықұйрықтарды табу оңай: олардың ақ қалпақтары бірден байқалып қалады.
Бірақ, мұнда да абай болған жөн, себебі қозықұйрықтарды далада көп өсетін сасық саңырауқұлақпен шатастырып алуға болады. Ал олар саңырауқұлақтардың ең улы түрі болып саналады. Оның құрамында ең қауіпті саңырауқұлақ уы фаллоидин бар. Адам ағзасына әсер ету жағынан жылан уымен тең. Бар жоғы 20 мг адам өліміне әкеледі, ал бір үлкен сасық саңырауқұлақта 10 мг у болады. Бұл үлкен адамға қатысты, ал баланың қатты улануы үшін кішкентай бөлігі де жеткілікті.
Жалпы Қарағанды облысында негізгі улы саңырауқұлақтың үш түрі кездеседі: шыбынжұт, сасық саңырауқұлақ, жалған бал саңырауқұлақтары. Бұлар кеңінен таралған, дегенмен басқа түрлер де сирек болса да кездеседі.
Жеуге жарамды саңырауқұлақтардан біздің жақта сазқатпа, қызыл саңырауқұлақ, қайың саңырауқұлақ, түлкішек, арыш, қатпаршақ, мүкқұлақ, груздь, опята, вешенка, ақ дала саңырауқұлағы өседі. Соңғысын ұлттық деп атауға болады, өйткені ол Қазақстан аумағында өте кең таралған. Айтпақшы, біздің облыста да. Ол құрғақ дала мен таулы-дала аймағын жақсы көреді. Тәжірибесіздіктен оны қозықұйрықпен оңай шатастыруға болады - оның жарты шар қалпақшасы бар. Бірақ ол өскен сайын ортасында ойылып тегіс болады.
Әрбір аңшы білгісі келеді
Биылғы жылы біздің дала қозықұйрықтар мен ақ дала саңырауқұлақтарына бай болды. Жинау жағынан груздь бен опята рекорд жасауда, дегенмен бәрі жинау аймағына байланысты. Айтпақшы, саңырауқұлақ өсетін жерлер туралы айтсақ. Әдетте адамдар өздерінің өнімі мол жерлерін айтпайды. Тек бәрін жинап, қуырып, маринадталғаннан кейін ғана өздерінің олжасымен бөліседі. Бірақ тәжірибелі саңырауқұлақ терушілер құпияларымен бөлісті.
Бірінші орынды, әрине, Қарқаралы алады. Біздің аймақтағы саңырауқұлақтардың алтын тамыры деп айтуға болады. Адамдар бұл жерден әрқайсысы бес-алтыдан он литрлік шелек саңырауқұлақ жинайды екен. Дала саңырауқұлақтары әсіресе биыл Осакаров ауданында көп шықты. Шартты топқа Бұқар Жырау ауданының Керней (бұрынғы Корнеевка) ауылы да кіреді. Ондағы қайың тоғайларынан қайың саңырауқұлақты таба аласыз. Сол ауданның Жаңа Узенка ауылының артындағы далада да молынан өседі.
Облыс орталығына келсек, Пришахтинсктегі қарағай егілген аймаққа, әуежайға маңындағы Үштөбе ауылы, Майқұдықтағы ЖЭО-3 жаққа, Көгілдір тоғандар мен Восток -5 ықшамаудандарының артындағы ағаштар маңына баруға болады. Ал қала шегінде, сол сияқты жол бойы, қоқыс, өндірістік кәсіпорындар маңайындағы саңырауқұлақты теруге болмайды, себебі олар зиянды шығарындылардың бәрін өзіне сіңіріп алады.
Мифтерді жоққа шығару
Саңырауқұлақтың уылылығын анықтаудың қарапайым әдістері жоқ екенін ескеру маңызды. Халық арасындағы барлық жорамалдарды ұмытыңыз - олар жұмыс істемейді. Егер пиязды немесе сарымсақты салып қайнатқанда оның бастары улы болған жағдайда қараюы керек немесе кастрюльге күмісті салу керектігі (онда да қараюы керек мыс) немесе улы саңырауқұлақтарға сүт құйғанда іріп кету керектігі жайлы әңгіменің бәрі шындыққа жанаспайды, сенбеңіз. Бұл айтылғандардың барлығы улы саңырауқұлақтармен қатар жеуге жарамдыларда да болуы мүмкін. Мұндай әдістермен қауіпті анықтау мүлдем жұмыс істемейді. Сондай – ақ, көп сағаттық пісіру немесе мұздату да құтқармайды. Көптеген саңырауқұлақтар ыстыққа төзімді және температураның өзгеруі де оларға әсер етпейді (тіпті өте төменнен өте жоғары).
Жас саңырауқұлақтар улы емес, у өскен сайын жиналады деген де миф. Сондай – ақ, егер саңырауқұлақта құрт болса, онда ол жеуге жарамды, өйткені улы саңырауқұлаққа құмырсқалар, қоңыздар және т.б. жәндіктер жоламайды дейді. Іс жүзінде жәндіктер зақымдаған улы саңырауқұлақтар қауіпті болуы мүмкін. Жеуге жарамдыларының түстері ашық реңкті болмайды деген де пікір бар. Бұл дұрыс емес, себебі арыш, түлкіше немесе бал саңырауқұлақтарын алыңыз, оладың реңкі ашық болып келеді. Иіске де сенуге болмайды: мысалы, жақсы саңырауқұлақтар жағымды хош иіске ие, ал улылардан хлор немесе дәрі-дәрмектердің иісі шығады деген жаңсақ пікір. Мысалы, шыбынжұт пен сасық саңырауқұлақ өте жағымды иіс шығарады, шампиньондардан ажырата алмайсыз.
Басты құпия
Сонымен, біз улы саңырауқұлақтардың құрамында токсиндер бар екенін білдік. Олармен улану тамақтанудың бұзылуына, галлюцинацияға және өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, егер саңырауқұлақ өте улы болса, онда уақытында басталған емдеу қайғылы салдардан құтқара алмайды.
Саңырауқұлақ теруге бара жатқанда, басқа да сақтық шараларын ұмытпаңыз. Маса мен шіркейлерден қорғайтын қалың киімдерді, бас киімдерді қолданыңыз, егер сіз жыландар кездесетін жерге барсаңыз, ұзын қонышты етік киіңіз. Қолғап қолыңызды тілінуден, кірден қорғайды. Егер сіз орманға немесе екпе орманға баратын болсаңыз, онда сізге ұзын таяқ қажет болады, бұл қылқандар мен жапырақтар астынан олжа табуға көмектеседі.
Жолы болғыш саңырауқұлақ жинаушының басты құпиясы: саңырауқұлақ теруге жұмыс күндері таңмен барыңыз – бәсекелестік аз болады.